Барлық сүрелер / басқа сүрелер
Араб тілінде / Аударымдар: Халифа Алтай (қазақ), Әл-Мунтахаб, Кулиев, Абу-Адель (орыс)
  

Сүре 5 «Мәида»

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын

1 Әй мүміндер! Уәделеріңді орындаңдар. Сендерге ыхрамда аңды халал санамау шартымен, сендерге түсіндірілетіндерден басқа хайуандар хала қылынды. Күдіксіз Алла не тілесе оны әмір етеді.


2 әй иман келтіргендер! Алланың белгілеріне, (хаж ғамалдарына,) құрметті айға, құрбандықтарға, мойындарына тағылған белгілерге және Раббыларының ризалығын, ілтипатын іздеп, ардақты үйге (Кағбаға) келуші хажыларға құрметсіздік етпеңдер. Және қашан ыхрамнан шықсаңдар аң аулай аласыңдар. Және сендерді Месжіт Харамнан тосқан елдің кегі, шектен шығуларыңа сылтау болмасын. (Сендерді Кағбадан тыйған болса да, кек сақтамаңдар.) жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты.


3 Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа. Және тігілген тасқа (бұтқа) арнап бауыздалған мал әрі оқтар арқылы талай сынауларының (бал ашуларың) да арам етілді. Бұларың бұзықтық. Бүгін кәпірлер діндеріңнен (тосудан) күдер үзді. Олардан қорықпаңдар, Менен қорқыңдар. Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым. Кім аштықтан шарасыз қалса, күнәға ауытқымаса (жеуге болады.) Шәксіз Алла тым жарылқаушы, ерекше мейірімді.


4 Олар, сенен өздеріне не нәрсенің халал қылынғандығын сұрайды: «Сендерге таза нәрселер (дін бойынша халал нәрселер.) халал қылынды» де. Және де Алланың өздеріне білдіргенін үйретіп, тәрбиелеген жыртқыштарды: Алланың атын айтып (аңға) салсаңдар, сендер үшін ұстағандарын жеңдер. Алладан қорқыңдар, күдіксіз Алла (Т.) есепте өте тез.


5 Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілген (Христиан, Яһуди) дердің тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді. Және мүміндерден абыройлы әйелдермен әрі сендерден бұрын Кітап берілген (Христиан, Яһуди) дерден де абыройлы әйелдермен мәһерлерін беріп, бой суытушы, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді. Кім иманға қарсы шықса, Сонда оның ғамалы жойылды және ол, ақиретте де зиян етушілерден болады.


6 Әй мүміндер! Қашан намазға тұрсаңдар, (тұрарда,) жүздеріңді және шынтақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар. (сипаңдар.) Және екі тобықтарға дейін аяқтарыңды жуындар. Егер де жүніп болсаңдар, (бой дәретсіз болсаңдар,) толық тазалаңындар. (Шомылыңдар) Егер науқас не сапар да босаңдар немесе сендерден біреу түзге отырып келсе не әйелге жақындассаңдар, сонда су таба алмасаңдар таза жерге тәяммүм соғыңдар; онымен беті- қолдарыңды сипаңдар. Өйткені, Алла, сендерге ауыршылық қаламайды. Бірақ, сендерді тазаотуды сондай-ақ шүкірлік етулерің үшін сендерге нығметтерін тамамдауды қалайды.


7 Алланың сендерге берген нығметін және: «Естідік, бой ұсындық» деп байлаған сертеріңді еске алыңдар! Әрі Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алла көкіректегілерді толық білуші.


8 Әй мүміндер! Алла үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Және Алладан қорқыңдар. Күдіксіз Алла не істегендеріңнен толық хабар алушы.


9 Алла (Т.) сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендерге жарылқау әрі ірі сыйлық уәде етті.


10 Сондай қарсы келіп, аяттарымызды өтірікке ұйғарғандар, солар тозақтық.


11 Әй мүміндер! Алла (Т.) ның сендерге берген бағын еске алыңдар: Сол уақытта бір ел (суық) қолын созған еді де, Алла олардың қолын сендерден тосқан еді. Сондықтан Алладан қорқыңдар және мүміндер Аллаға тәуекел етсін.


12 Расында Алла Израил ұрпақтарынан уәде алған еді. Олардан он екі бастық жіберген едік. Алла (оларға): «Мен сендермен біргемін; егер намазды орындасаңдар, зекет берсеңдер, елшілеріме иман келтіріп, оларға көмек берсеңдер және Аллаға көркем қарыз берсеңдер, (Алла жолында мал жұмсасаңдар,) әлбетте жамандықтарыңды жойып, сендерді астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргіземіз. Ал сонда сендерден біреу қарсы болса, тура жолдан адасқан болады» деді.


13 сонда олардың серттерін бұзулары себепті оларға лағынет етіп, жүректерін қатайттық. Олар, (Тәурат) сөздерін орнынан өзгертіп, оларға берілген үгітті ұмытты. Олардың өте азынан басқасының қиянаткерліктерін ұдайы сезіп отырасың. Сонда да оларды кешірім етіп, елеме. Расында Алла (Т.) игілік істеушілерді сүйеді.


14 Және «Христианбыз» дегендерден де серт алған едік. Дегенмен олар да берілген үгіттен үлестерін ұмытты. Сондықтан араларына қиямет күніне дейін дұшпандық, өштік салдық. Және Алла (Т.) оларға не істегендерінің хабарын тез береді.


15 Әй Кітап иелері! Сендерге кітаптан жасырған нәрселеріңнің көбін ашық түсіндіретін және көбірегінен елемей өтіп кететін Елшіміз келді. Расында сендерге Алладан бір нұр және ашық бір Кітап (Құран) келді.


16 Алла (Т.) кім өз ризасына үйлессе, сол кітап арқылы есендік жолдарына салады және өз нұсқауымен қараңғылықтардан жарыққа шығарып тұп- тура жолға салады.


17 Расында: «Алланы, Мәрйем ұлы мәсих» дегендер кәпір Болды. «Егер Алла, Мәрйем ұлы Мәсихты және оның шешесін де, тіпті жер жүзіндегі біртұтас жан иесін жоқ етуді қаласа, Алладан құтқаруға кім ие?»,- де. Көктер мен жердің және екеуінің арасындағылардың иелігі Аллаға тән. ол қалағанын жаратады әрі Алланың әр нәрсеге толық күші жетуші.


18 Яһудилер мен Христиандар: «Біздер Алланың ұлдары және сүйгендеріміз» деді. Оларға айт: «Онда Алла күнәларың себепті сендерді неге азаптайды?Керісінше сендер Алланың жаратқан адамдарысыңдар.» Алла қалаған кісісін жаратып және қалаған кісісін азаптайды.Көктердің және жердің әрі екі арасындағылардың барлығы Алланың иелігінде және барар жер де Оның алды.


19 Әй Кітап иелері! Пайғамбардың арасы үзілгенде,сендерге Елшіміз келді. «Бізге қуантушы,қорқытушы келмеді» дерсіңдер деп,міне сендерге қуантушы,қорқытушы Елші елді. Алла (Т.) ның барлық нәрсеге толық күші жетуші.


20 Бір заманда Мұса(Ғ.С) өз еліне: «Әй елім! Алланың сендерге берген нығыметін еске алыңдар!Өз іштеріңде пайғамбарлар шығарды,әрі сендерді патшалар жасады.Сондай ақ сендерге әлімде ешкімге берілмеген нығымет берді»- деген.


21 Және: «Әй елім!Алла,сендерге жазған қасиетті жерге (Құдыс,Шамға) кіріңдер.Арттарыңа қайтпаңдар,әйтпесе зиян етушілерге айналасыңдар» деген.


22 Олар: «Әй Мұса! Ол жерде зорлықшыл ел бар.Олар ол жерден шықпайынша біз ол жерге әсте кірмейміз.Егер олар ол жерден шықса әрине кіреміз» деді


23 Қорыққандардан болып,өздерін Алла нығыметке бөлеген екі кісі: «Олардың үстіне қақпадан кіріңдер.Сонда қашан одан кірсеңдер,сендер үстем болсыңдар.Егер мүмін босаңдар Аллаға тәуекел етіңдер»деді.


24 Әй Мұса! Олар ол жерде тұрғанда біз оған тіпті кірмейміз.Өзің және Раббың барып соғыссыңдар.Әрине біз мұнда отырамыз» деді.


25 (Мұса Ғ.С): «Раббым! Мен өзіме,туысыма ғана ие бола аламын.Бұзақы елден арамызды ажырата көр!» деді.


26 (Алла Т.): «Енді оларға,ол жер шынайы түрде қырық жыл арам қылынды.Олар сол жерде абыржып жүреді.Онда бұзақы елге қайғырма»деді.


27 (Мұхаммед Ғ.С) оларға Адам (Ғ.С) ның екі ұлының әңгімесін шынайы түрде оқы: «Сол уақытта екеуі Аллаға жақындық үшін құрбан шалған еді.Сонда біреуінен қабылданып,екіншісінен қабылданбаған еді.» (Құрбаны қабылданбаған Қабыл) : «Әлбетте мен сенді өлтіремін»деді.Сонда (һабыл): «Алла сөзсіз тақуалардың құрбанын қабыл етеді»деді.


28 «Сен мені шын өлтіруге қол созсаң да,мен сені өлтіру үшін қол созбаймын.Күдіксіз мен әлемдердің Раббы Алладан қорқамын!»


29 «Сөзсіз мен,сенің өз күнәңмен менің күнәмді жүктеп,тозақтық болуды қаламаймын.Осы,залымдардың жазасы,»


30 Сонда оның нәпсісі,туысын өлтіруге қызықтырды да ол,оны өлтіріп, зиянға ұшыраушылардан болды. (Адам Ғ.С егіз ұлқыздарды ауыстырып үйлендіреді екен.Бірақ Қабыл өз сыңарымды аламын деп,һабыл екеуі сеттесіп құрбан шалғанда құрбаны қабылданбаған Қабыл,Һабылды өлтіріп,қайтерін білмей жүргенде Құдіретінше екі қарға таласып бірін бірі өлтіріп көмгенін көріп,көмеді.Б.М.Р.К.т.б)


31 Сонда Алла,оған туысының өлігін жасыруын көрсетуі үшін жіберген қарға,жерді қаза бастағанда: «Әттең! Маан не болды?Туысының денесін көмген қарға құрлы бола алмадым ба?»,-деді де,өкінушілерден болды.


32 Соның салдарынан Израил ұрпақтарына: Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса,) барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық. Расында оларға елшілеріміз ашық дәлелдермен келді. Бірақ содан кейін де олардың көбірегі жер жүзінде шектен шығушылар болды.


33 Алла және Елшісімен жағалсқандардың және жер жүзінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы: Өлтірілулері, не асылулары, яқи, қол- аяқтарының қиғашталып кесілулері немесе жерден айлдалулары. Бұл олардың дүниедегі жапасы. Және олар үшін ахиретте ірі азап бар.


34 Бірақ сендердің оларға ықбалдарың жүруден бұрын тәубе қылғандар басқа. Сонда Алла (Т.) ның аса жарылқаушы, ерекше мейірімді екенін біліңдер.


35 Әй иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, оған жақындасуды іздеңдер. (Бой ұсыну арқылы тырысыңдар.) Және екі дүниеде құтылып мұратқа жетулерің үшін, Оның жолында күресіңдер.


36 Күдіксіз сондай кәпірлер жер жүзіндегі барлық нәрсені және онымен бірге тағы сондай нәрсені қиямет күнінің азабынан (құтылу үшін) төлеуге салса да олардан қабыл етілмейді де, оларға жан түрішгерлік қинау бар.


37 Олар оттан шығуларын қалайды. Дегенмен олар одан шығушы емес. Және олар үшін тұрақты азап бар.


38 Ер және әйел ұрының, қылмыстарына жаза әрі Алладан бір өнеге түрінде қолдарын кесіңдер. Алла (Т.) аса үстем, хикмет иесі.


39 Ал кім зұлымдықтан кейін тәубе қылса, түзелсе, сонда шәксіз Алла оның тәубесін қабыл етеді. Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді.


40 Расында көктер мен жердің әкімшілігі Аллаға тән екенін білмедің бе? Кімді қаласа жазалайды да, кімді қаласа жарылқайды. Әрі Алланың әр нәрсеге күші жетуші.


41 ӘйПайғамбар! Ауыздарымен: «Сендік» деп, жүректері сенбегендермен Яһудилерден күпірде жарысқандар сені кейітпесін. Олар өтірікке құлақ асады; сондай-ақ саған келмеген басқа бір қауым үшін тыңдайды. Және олар сөзді орындалғаннан кейін өзгертеді: «Егер сендерге осы берілсе, оны алыңдар да, егер ол берілмесе, онда бой тартыңдар!»,- дейді. (Хайбар Яһудилері зинашы ер, әйелді Тәурат үкімі бойынша өлтіруге қимай: Өлім жазасын берсе, алмаңдар да, дүре жазасын берсе алыңдар деп Мұхаммед Ғ.С. ға жібереді.) (Мұхаммед Ғ.С.) Алла (Т.), біреудің бұзылуын қаласа, сен ол үшін Алладан дәнеңеге ие бола алмайсың. Міне солар, Алланың жүректерін тазартуды қаламағандар. Оларға дүниеде жапа әрі ахиретте де, зор азап бар.


42 Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С.)егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүз бұр. Егер олардан жүз бұрсаң да, олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Аллаа турашыларды сүйеді.


43 Олардың қасындағы Тәуратта Алланың үкімі бола тұра саған қалайша жүгініседі? Сонан соң да одан олар бас тартады. өйткені олар сенуші емес.


44 Күдіксіз Тәуратты түсірдік, онда тура жол және нұр бар. Аллаға бой ұсынған пайғамбарлар, Яһудилерге онымен үкім етер еді. Және Алланың Кітабын қорғауға міндеттендірілген сопылармен ғалымдар да, онымен үкім етер еді. Олар оған куәгер еді. Ендеше адамдардан қорықпаңдар да, Менен қорқыңдар және аяттарымды аз бір ақшаға сатпаңдар! Кім Алланың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар қарсы болушылар.


45 Оларға тәуратта: жанға жан, көзге көз, мұрынға мұрын, құлаққа құлақ, тіске тіс және жараларға да, қарама- қарсы төлеу (қысас) жаздық. Дегенмен біреу, оны кешірім етсе, сонда ол оған кәппарат болады. (Өз күнәсы кешіледі.) Және кім Алла түсірген заң бойынша билік етпесе, міне солар залымдар.


46 Және пайғамбарлардың ізінше өзінің алдындағы Тәуратты растаушы етіп, Мәрйем ұлы ғисаны жалғастырдық. Әрі оған ішінде туралық, нұр болған алдындағы Тәуратты бекітуші сондай-ақ сақтанушылар үшін тура жол, үгіт түрінде Інжілді бердік.


47 Інжіл иелері ондағы Алланың нұсқауымен үкім етпесе, міне солар бұзақылар.


48 (Мұхаммед Ғ.С.) саған шынайы түрде Құранды өзінен юұрыңғы кітаптарды растаушы және оларды қорғаушы түрінде түсірдік. Олардың араларына Алланың өзіңе түсіргенімен үкім қыл. Өзіңе келген шындықтан айрылып, олардың ойларына еліктеме! Сендердің ербіреулерің үшін бір жол- жоба қойдық. Егер Алла қаласа еді, барлығынды бір-ақ үммет қылар еді. Алайда сендерге берген жол- жобаларында сынамақшы. Ендеше жақсылыққа жарысыңдар. Біртұтас барар жерлерің Алла жақ. Ол сендердің таласқан нәрселеріңді білдіреді.


49 Олардың араларына Алланың түсіргенімен үкім ет. Олардың ойларына ілеспе және саған Алла түсірген кей үкімдерден сені бұзуларынан сақтан! Егер олар жүз бұрса, күдіксіз Алла оларды кей күнәлары себепті қайғыға ұшыратуды қалайды деп біл. Расында адамдардың көбі бұзық.


50 Олар жаһилиет дәуірінің үкімін іздей ме? Анық нанған ел үшін Алладан жақсы үкім беруші кім?


51 Әй мүміндер! Яһудилер мен Христиандарды дос тұтпаңдар! Олар бір- біреулерінің достары. Сендерден кім оларды дос тұтса, сонда күдіксіз ол олардан. Расында Алла залым елді тура жолға салмайды.


52 Сондай жүректерінде дерті бар мұнафықтардың: «Бізге бір сұмдық келуінен (Мұсылманнан күн кетіп қалуынан) қорқамыз» деп, олардың арасында жүгіріп жүргендерін көресің. Бәлкім Алла бір жеңіс берер немесе өз қасынан бір әмір берер, сонда олар жүректеріндегі жасырғандарына өкінер.


53 Ал сондай иман келтіргендер: «Шынайы түрде сендермен біргеміз деп, Алланың атымен мықты ант ішкендер осылар ма?» дейді. Олардың ғамалдары жойылып, зиян етушілерден болды.


54 Әй мүміндер! Сендерден кім дінінен шықса, Алла (Т.) жедел бір қауым әкеледі; Алла оларды жақсы көреді және олар да Алланы жақсы көреді. Мүміндерге қарсы жұмсақ, кәпірлерге қарсы қатал, Алла жолында соғысады. Сөгіс берушілердің сөгісінен олар қорықпайды. Осы, Алланың қалағанына беретін ілтипаты. өйткені, Алла өте кең, аса білуші.


55 Шынайы түрде сендердің достарың Алла және Елшісі және де намазды толық орындайтын, зекет беретін әрі рұкұғ қылушы мүміндер.


56 Кім Алланы, Елшісін және мүміндерді дос тұтса, шынайы түрде Алланы жақтаған топ. Солар, жеңіске ие болады.


57 Әй мүміндер! Сендерден бұрын Кітап берілгендерден діндеріңді сайқы- мазаққа ойыншық еткендерді дос тұтпаңдар және кәпірлерді де дос көрмеңдер. Егер мүмін болсаңдар, Алладан қорқыңдар.


58 Және қашан намазға (азан) шақырсаңдар, олар оны ойын қылып келекеге алды. Осы, олардың шынайы түрде түсінбейтін халық болғандықтарынан.


59 (Мұхаммед Ғ.С. оларға) айт: «Әй кітап иелері! Бізді Аллаға әрі өзімізге түсірілгенге және бұрыңғы түсірілгенге иман келтіргендігіміз үшін ғана қоштамасыңдар ма? Шынында көбін бұзақысыңдар.»


60 (Оларға) айт: «Сендерге Алланың қасында жаза тұрғысынан бұдан да жаманын хабарлайын ба?» Алла біреуді қарғап оған ашуланса және олардан маймылдар, доңыздар, тағы бұтқа табынатындар қылса, міне солар, орны жаман және тура жолдан мүлде адасқандар.


61 Және қашан олар сендерге келсе: «Иман келтірдік» дейді. Расында олар қарсылықпен кіріп және онымен шыққан болатын. Алла олардың жасырғандарын жақсы біледі.


62 Олардың көбірегінің күнәда, дұшпандықта және арам жеуде жарысқандарын көресің. Олардың істеген істері неткен жаман.


63 Егер олардың сопылары, ғалымдары; оларды күнәлы сөздерінен, арам жеулерінен тыйса еді! Әрине олардың істегендері нендей жаман.


64 Және Яһудилер: «Алланың қолы байланған (сараң)» деді. Бұл сөздері себепті олардың қолдары байланып, лағынеттелді. Керісінше, Алланың құдырет қолдары ашық, қалағанынша береді. Әрине раббың тарапынан саған түсірілген (Құран), олардың көбінің азғындығын, қарсылығын арттырады. Сондай-ақ олардың арасына қияметке дейін дұшпандық, өштік салдық. Сондықтан әрқашан олар соғыс үшін от тамызса, Алла оны өшірді. Олар жер жүзінде бұзықтыққа тырысады. Алла бұзақыларды жақсы көрмейді.


65 Егер кітап иелері иман келтіріп, тақуалық қылса еді, әлбетте олардың жамандықтарын жойып, оларды Нағым жәннетке кіргізер едік.


66 Егер олар Тәурат, Інжілді және Раббылары тарапынан өздеріне түсірілгенді толық орындаса еді, әрине олар үстіңгі жақтарынан (ағаштардың жемістерінен) әрі аяқтарының стынан (жердің өсімдіктерінен) жейтін еді. Олардың бір орташа тобы бар. Дегенмен олардың көбінің істеген істері жаман еді.


67 Әй Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жалғастыр. Егер оны істемесең, елшілік міндетін жалғастырмаған боласың. Алла сені адамдардан қорғайды. Күдіксіз Алла қарсы болған елді тура жолға салмайды.


68 (Мұхаммед Ғ.С. оларға) айт: «Әй Кітап иелері! Інжіл, Тәуратты және Раббыларың тарапынан сендерге түсірілгенді толық орындағанға дейін дәнеңе емессіңдер!» Әрине саған түсірілген Құран олардың көбінің азғындығын, қарсылығын арттырады. Сонда қарсы келген елге уайым жеме.


69 Негізінен Аллаға сенгендер, Яһудилер, Сабилер, және Христиандардан кім Аллаға, ахирет күніне иман келтіріп, ізгі іс істесе, сонда оларға қорқу да жоқ әрі қайғырмайды.


70 Әрине Израил ұрпақтарынан серт алып, оларға елшілер жіберген едік. қашан да оларға бір елші, көңілдері тартпаған нәрсе келтірсе бір бөлімін өтірікке ұйғарып, бір бөлімін өлтіреді.


71 Олар, (пайғамбарларды жалғандау, өлтірулері себепті) бір сұмдық болмайды деп, ойлады да соқыр, саңырау болып алды. Сонсоң Алла олардың тәубесін қабыл етті. Және де олардың көбі соқыр, саңырау болды. Алла (Т.) олардың не істегендерін толық көруші.


72 Расында Мәрйем ұлы Мәсихты: «Алла» дегендер кәпір болды. Негізінде Мәсих: «Әй Израил ұрпақтары! Аллаға құлшылық қылыңдар! Менің Раббым; әрі сендердің раббыларың! Өйткені, кім Аллаға ортақ қосса, расында Алла оған жәннетті арам етеді. Оның орны тозақ оты. Сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ » деген.


73 Расында: «Алла, үштің үшіншісі » дегендер кәпір болды. Бір Тәңірден басқа тәңір жоқ. Егер олар бұл айтқандарынан тыйылмаса, олардан; сондай қарсы келгендерге күйзелтуші азап кездеседі.


74 Сонда да Аллаға тәубе етіп, жарылқану тілемей ме? Алла (Т.) аса жарылқаушы, ерекше мейірімді.


75 Мәрйем ұлы Мәсих; бір пайғамбар ғана. Одан бұрын да пайғамбарлар өткен. Оның анасы шыншыл. Екеуі де тамақ жейтұғын. (Әй Мұхаммед !) қара! Оларға аяттарымызды қалай ашық баян етеміз. Сонсоң қалай бұрылып бара жатқандарын көр!


76 (Мұхаммед Ғ.С.) оларға айт: «Алладан өзге сендерге пайда, зиян келтіре алмайтынға құлшылық қыласыңдар ма?» Негізінде Алла, әр нәрсені естуші, білуші.


77 (Мұхаммед Ғ.С.): «Әй Кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар және бұрыңғы нақ жолдан адасқан әрі көптерді адастырған сондай-ақ тегіс жолдан азған қауымның әуесіне ілеспеңдер.» де.


78 Сондай Израил ұрпақтарынан қарсы болғандарға, Дауыт және Мәрйем ұлы Ғиса (Ғ.С.) ның тілі арқылы лағынет етілген. Ол қарсы келулері, шектен шығуларының салдарынан.


79 Олар бір- бірлерін істеген жамандықтарынан тыймайтын болған. Расында олардың істегендері нендей жаман.


80 Олардан көбінің кәпірлерді дос тұтқанын көресің. Алланың ашуына жолығып, азапта мәңгі қалатындықтан олардың ілгері жіберген нәрселері нендей жаман.


81 Егер олар Аллаға, Пайғамбарға және оған түсірілген Құранға иман келтірген болса, оларды дос тұтпас еді. Бірақ олардың көбі бұзақылар.


82 Әрине мүміндерге адамдардан ең қатты дұшпан түрінде Яһудилерді, Мүшріктерді табасың. Және мүміндерге сүйіспеншілік тұрғысынан олардың жақынырағын: «Біз Христианбыз» дегендерден табасың. Бұл олардың даналары, тақуаларының болуы және олардың менменсімейтіндіктері себепті.


83 (Хабашістанға барған Мұсылмандар, Христиан Нажжаши патшаның алдында Құран оқығанда ықылас білдірген екен.) Олар Пайғамбарға түсірілген (Құран) ді тыңдаған заманда, шындықты танығандықтарынан көздерінің жасқа толғанын көресің. Олар: «Раббымыз! Иман келтірдік, бізді куә болушылардан жаза көр!»,- дейді.


84 «Аллаға әрі өзімізге келген шындыққа неге иман келтірмейміз? Өйткені, раббымыздың игі елдермен бірге етуінен үміт етеміз»


85 Сонда Алла оларға бұл сөздері себепті астарынан өзендер ағатын, онда мүлде қалатын бақшаларды бағыштады. Жақсылықтың бодауы осы.


86 Және қарсы болғандар, аяттарымызды өтірікке жорығандар солар тозақтық.


87 Әй мүміндер! Алланың сендерге халал еткен жақсы нәрселерді арам етіп шектен аспаңдар. Шынында Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді.


88 Және Алланың сендерге берген халал, таза несібесінен жеңдер. Сондай-ақ өздерің иман келтірген Алладан қорқыңдар.


89 Алла (Т.) анттарыңды бос сөзді есепке алмайды. Алайда біле тұра істеген анттарыңнан жауапкер етер (Ант бұзсаңдар.) Оның төлеуі: үй- іштеріңе жегізетін орта есеппен он міскінді тамақтандыру, не оларды киіндіру, немесе бір құл азат ету. Мұны таппаған біреу, үш күн ораза ұстау. (Бұзған) анттарыңның жазасы осы. Анттарыңды қорғаңдар. Алла (Т.) сендерге аяттарын осылайша түсіндіреді, шүкірлік етерсіңдер.


90 Әй мүміндер! Арақ, құмар, тікілген тастар (бұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар.


91 Негізінен шайтан, арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?


92 Аллаға бой ұсыныңдар және де Елшісіне бой ұсынып сақтаныңдар. Сонда егер жүз бұрсаңдар, біліңдер! Пайғамбарымыздың міндеті ашық түрде жалғастыру ғана.


93 Иман келтіріп ізгі іс істегендерге, қашан олар сақтанса, сене отырып игілік істесе, тағы сақтанып сенсе, сонан соң сақтанып жақсылық істесе, (бұрыңғы) жегендері күнә емес. Өйткені, Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді.


94 Әй иман келтіргендер! Алла, кімнің, өзін көрмей-ақ қорқатынын мәлімдеу үшін; ыхрамда, қолдарың, найзаларың жетіп тұрған арқылы әлбетте сендерді сынайды. Кім бұдан кейін шектен шықса, оған күйзелтуші азап бар. (Хұдайбияда Мұсылмандар ыхрам киген кезде, Құдыретше аң көбейіп, қол тиетін, найза жежетін жерге келеді.


95 Әй мүміндер! Сендер ыхрамда аң өлтірмеңдер. Сендерден біреу оны әиейге өлтірсе, оның жазасы; өлтіргеніндей бір мал, оны сендерден екі әділ кісі Кағбаға баратын бір құрбанды үкім етеді. Не бодауына міскіндерді тамақтандыру немесе оның орнына ораза ұстау. Бұл істегенінің жазасын тату үшін. Алла (Т.) өткенді кешірді. Кім қайтадан істесе, Алла оны жазалайды. Алла өте үстем, өш алу күшіне ие.


96 Сендерге теңіз аңы және оны жеу халал қыланды. Сендерге әрі жолаушыларға пайдалы. Және сендерге ыхрамдағы мезгіл бойынша құрылықтың аңы арам қылынды. Алдына жиналатын Алладан қорқыңдар.


97 Алла (Т.) құрметті үй Кағбаны, адам баласы үшін тұрақ қылды. Және құрметті айды, құрбандықты және мойнына тағылған белгілерді де. Бұл Алланың көктердегі әрі жердегі нәрселерді шынайы түрде білетіндігін және күдіксіз Алланың әр нәрсені толық білуші екендігін білулерің үшін.


98 Біліңдер! Күдіксіз Алла қатты азап иесі, шынында Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді.


99 Пайғамбарға жалғастыру ғана міндет. Алла көрнеу істегендеріңді де, жасырғандарыңды да біледі.


100 (Мұхаммед Ғ.С.): «Сені арам нәрсенің көптігі қызықтырса да, лас пен таза бір емес. Ендеше, әй ақыл иелері! Алладан қорқыңдар, әрине құтыласыңдар» де. (Хаж парыз болды деген аят түскенде Пайғамбардан: «әр жылы ма?»,- деп сұрағандарға сол сәтте жауап бермей кейін: «Егер я деп жауап берсем әр жылы парыз болып қалатын еді» деген екен.


101 Әй мүміндер! Егер айқындалса сендерге жаман болатын нәрсені сұрамаңдар. Құран түсірілгенде оны сұрасаңдар білдіретін еді. Алла оны кешті. Алла аса жарылқаушы, өте жұмсақ.


102 Расында сендерден бұрыңғы бір ел де сөйтіп сұрап, сонан кейін оған қарсы болған еді. (Араптар жаһидет дәуірінде кейбір малдарды бұтқа арнап, мінбей, саумай «бахира, сайыба, уасила және хам» деп азат қылып қоя беріп мұны, Аллаға құлшылық дейтұғын.)


103 Алла (Т.) «бахира, сайыба, уасила және хам» деп арнауға бұйырмады. Бірақ кәпірлер Аллаға өтірік жала қойды. Олардың көбі түсінбейді.


104 Қашан оларға: «Алла түсірген Құранға және Пайғамбарға келіңдер» делінсе, олар: «Аталарымызды тапқан жол өзімізге жетеді» дейді. Ата- бабалары еш нәрсе білмеген және тура жолда болмаған болса да ма?


105 Әй мүміндер! Сендер өздеріңді түзелтулерің керек. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқан біреу сендерге кесір тигізе алмайды. Барлықтарыңның бара жерлерің Алла жақ. Сонда Алла сендерге не істегендеріңнен хабарын береді.


106 Әй мүміндер! Қашан сендерге өлім таяп, өсиет еткен сәтте, араларыңа өздеріңнен екі әділ ксі, немесе сендер жер жүзінде жолаушы жүріп өлім қайғысы келсе, өздеріңнен басқа екі айғақ болсын. (Сауда бабымен шамға барған бір Мұсылман өлерінде бұйымдарын екі Христиан жолдасына тапсырады. Бұлар Мединедегі мұрагерлеріне тапсырғанда, бір құнды нәрсесін алып қалады.) Егер бұл куәлерден күдіктенсеңдер, намаздан кейін екеуін тосып қоярсыңдар. Сонда екеуі: «Алланың атымен ант етеміз. Егер жақындарымыз болса да антымызды сатпаймыз, Алланың әмірі бойынша куәлікті жасырмаймыз. Егер жасырсақ, әлбетте күнәкар боламыз» деп ант ішеді.


107 Сонда егер ол екеуінің күнәкар болғандықтары байқалса, әріптестер жақтан ең жақын лайықты екеу, олардың орнына тұрып: «Алланың атымен берген куәлігіміз ол екеуінің куәліктерінен көрі аңығырақ. Әрі біз шектен шықпадық. Егер олай істесек, әрине залымдардан боламыз» деп ант ішеді.


108 Бұл тұп- тура куәлік берулеріне және анттан кейінгі анттың қабыл етілмеуінен қорқуларына ең жақын жағдай? Және Алладан қорқыңдар, әмірді тыңдандар. Алла бұзақы елді тура жолға салмайды.


109 Қиямет күні Алла (Т.) пайғамбарларды жинап алып: «Сендерге не жауап берілді?»,- дейді. Олар: «Біздің ешбір мәліметіміз жоқ. Күдіксіз Сен ғана көместерді толық білушісің» деп жауап береді.


110 Сол уақытта Алла (Т.): «Әй Мәрйем ұлы ғиса! Саған әрі анаңа берген нығметімді есіңе ал. Сол уақытта сені Жебірейіл арқылы қуаттаған едім. Бесікте және ержеткенде адамдармен сөйлесуші едің. Саған Кітапты, даналықты, тәурат, Інжілді үйреттім. Және сол уақытта Менің бұйыруыммен балшықтан құстың бейнесі құсаған жасап, оның ішіне үрлегеніңде бұйыруыммен құс болатын еді. Және бұйыруыммен іштен туған соқырды да, аламесті де жазатын едің. Және бұйыруымммен өлікті (тірілтіп) шығарар едің. Және сол уақытта Израил ұрпақтарына ашық дәлелдермен келгеніңде, олардың қарсы шыққандары: «Бұл ашық жадыдан басқа еш нәрсе емес» дегенде, сені олардан қорғаған едім» деді.


111 Сол уақытта Хауариларға: «Маған әрі Елшіме сеніңдер» деп білдірген едім. Олар: «Біз сендік, біздің шынайы Мұсылман болғандығымызға куә бол» деген еді.


112 Сол уақытта Хауарилар: «Әй Мәрйем ұлы Ғиса! Раббың бізге көктен бір дастарқан түсіре ала ма?» деген еді. «Егер сенсеңдер Алладан қорқыңдар» деді.


113 Хауарилар: «біздің одан жегіміз келеді. Жүректеріміз орнықсын әрі сенің бізге шын айтқаныңды білейік. Сондай-ақ оған куә болушылардан болайық» десті.


114 Мәрйем ұлы Ғиса: «әй Алла! Раббымыз! Бізге аспаннан дастарқан түсір! Бұрыңғы, соңғымызға мереке әрі Сенен бір белгі болсын. Бізді ризықтандыр! Сен ризықтандырушылардың ең жақсысың» деді.


115 Алла: «Күдіксіз Мен, ол дастарқанды түсіремін. Сонда, егер одан кейін сендерден кім қарсы келсе, шынайы түрде Мен оны дүниеде ешкімді азаптамаған азаппен азаптаймын» деді.


116 (Сол уақта) Алла: «Әй Мәрйем ұлы ғиса! Адамдарға, Алланы қойып, мені әрі анамды екі тәңір етіп алыңдар деп сен айттың ба?»,- дейді. (Ғиса Ғ.С.): «Әй Алла! сені пәктеймін. Тиісті болмаған нәрсені айту маған жараспайды. Егер деген болсам, сонда Сен, оны анық білесің. Сондай-ақ менің ішімдегіні Сен білесің, мен Сенікін білмеймін. Сен шынайы түрде көместерді толык білушісің» дейді.


117 Оларға: «Сен, маған бұйырғанды ғана; Аллаға құлшылық қылыңдар! Менің әрі сендердің Раббыларың дегеннен басқаны айтпадым. Олардың ішінде болғанымда, оларға байқаушы болдым. Сен мені алған шақта, оларға өзін бақылаушысың. Негізінде Сен әр нәрсені толық білушісің.»


118 «Егер оларды азаптасаң да олар құлдарың, егер оларды жарылқасаң да күдіксіз Сен аса үстем, хикмет иесісің.»


119 Алла (Т.): «Бүгін шыншылдардың шындықтары пайда беретін бір күн. Оларға астарынан өзендер ағатын ұжмақтар бар. Олар онда мәңгі қалады да, алла олардан разы болады әрі олар да Алладан разы болады. Бұл ірі қол жеткендік.» дейді.


120 Көктер мен жер әрі екі арасындағылар Алланың меншігінде. Оның әрі нәрсеге күші толық жетеді.




  
Араб тілінде / Аударымдар: Халифа Алтай (қазақ), Әл-Мунтахаб, Кулиев, Абу-Адель (орыс)Барлық сүрелер / басқа сүрелер
Жоғарыға